Актөбе облысында екі жаңа кәсіпорын іске қосылады. Бұл туралы өңірлік әкімдік LS редакциясының ресми сұранысына жауап бере отырып мәлімдеді.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл битум зауытының құрылысы басталады. Жоба Актөбе қаласында жүзеге асырылады. Инвестор- отандық компания.

"Инвестициялық келісімшарт жасасу мақсатында өтінім жіберілді. Жоба үшін индустриялық аймаққа жақын жер телімі таңдалып, жобалау жұмыстары қолға алынды", – деді LS тілшісіне.

Аталған жобаны келесі жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 143 жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, келесі жылы түркиялық компанияның қатысуымен көлік-логистикалық хабтың құрылысы қолға алынбақ.

"Қазіргі уақытта жобаға қатысты құжаттар әзірленіп жатыр", – делінген әкімдіктің жауабында.

Әкімдіктің мәліметінше, хаб құрылысына арналған жер телімі анықталған. Жоба Ақтөбе әуежайы маңындағы 3,2 гектар аумақта жүзеге асырылады.