Қазақстан Қытай инвесторларын астықты өңдеу саласында ынтымақтастыққа шақырды, деп хабарлайды LS.

Бірінші вице-премьер Роман Скляр бірлескен жұмысты жандандыру қажет негізгі бағыттарды атап көрсетті.

" Қазақстан үкіметі инвестиция көлемін арттыруға, озық технологияларды трансферттеуге, өндірістерді жергіліктендіруге және қытайлық инвесторлардың қатысуымен жоғары қосылған құнды кластерлер құруға басымдық беріп отыр", – деді ол.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында да ашылмаған үлкен әлеует бар.

"Алдағы 10 жылда Қазақстан астықты терең өңдейтін өнімдер өндірісі мен экспорты бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосылуды мақсат етеді. Егер қазіргі шектеулер толығымен алынатын болса, Қытай нарығына сапалы органикалық өнім жеткізу көлемін арттыруға әзір. Бұл саладағы негізгі басымдықтар- жаңа технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өндіріс тиімділігін көтеру", – деді вице-премьер.

Қытайлық инвестициялар үшін келесі маңызды сала ретінде көлік-логистика бағыттары аталды.

"Қазіргі таңда Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылады. Біз "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүдделіміз. Бұл мегажоба Орта дәлізбен қатар "Солтүстік – Оңтүстік" және "Шығыс – Батыс" бағыттарының әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. 2030 жылға дейін жүк тасымалы көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қытайлық серіктестерді көлік инфрақұрылымы саласындағы жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз", – деді Р. Скляр.

Жалпы Қытайдың Орталық Азия экономикасына құйған инвестициясы $40 млрд асып түсті. Қазақстанда Қытай капиталы бар шамамен 10 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, жалпы құны $66,4 млрд құрайтын 224 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 50 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған.

Бұған дейін, Қытайлық инвестор Алматы облысында күн электр станциясын салатыны хабарланған болатын.

Сондай-ақ, Қазақстанда 38 келешегі зор кен орны анықталғаны белгілі.